• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Аймақтар 16 Қазан, 2017

KazSat жерүсті кешеніне баспасөз туры өтті

479 рет
көрсетілді

Байқоңыр ғарыш айлағынан 1957 жылғы 4 қазанда жердің алғашқы жасанды байланыс спутнигі ұшырылғаны белгілі. Осы оқиғаға байланысты ҚАӨМ Аэроғарыш комитеті «Республикалық ғарыштық байланыс орталығы» жақында ғарыштық дәуір басталуының 60 жылдығына орай Ақмола облысының Ақкөл қаласында орналасқан KazSat байланыс және хабар тарату ғарыш аппараттарын басқару жерүсті кешеніне баспасөз турын өткізді.  

Соның барысында елордадан жүз шақырымдай жерде орналасқан «Ақкөл» ЖБК жұмысымен, кәсіп­орын қызметкерлерінің әлеу­меттік жағдайларымен танысуға мүмкіндік ал­дық. Мұнда 90 адам жұ­мыс істесе, қазіргі кезде олар­дың баспана және өзге де әлеуметтік мәселелері то­лығымен шешімін тапқан. РҒБО ұжымы құрған Қазақ­стандағы тұңғыш радио­мұра­жайды таныстыру рә­сіміне қатысқанымызды да айта кету керек. Мұнда раритеттік  радиотехникалар қойылыпты. Және байланыс мониторингін басқару орталығының (МБО) мін­деттері мен функцияларын да сұрастырып білдік. Со­ның ішінде 9 метрлік пилон-байланыс мониторингі жүйе­сінің техникалық жа­рақ­­тандырылуы ерекше қы­зығушылық туғызды. Бұдан басқа, спутниктердің ұшуын басқару орталығы да (ҰБО) тамсандырмай қоймады. Тур барысында бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерін қызықтырған сауалдарға «РҒБО» АҚ президенті  Вик­тор Лефтер, компанияның вице-президенті Бауыржан Құдабаев, Байқоңыр ғарыш ай­лағында қызмет еткен кә­сіп­орынның мамандары жан-жақты жауап берді. 

Жалпы, «Ақкөл» ғарыш­тық бай­ланыс орталығы (ҒБО) 2005 жылдың желтоқсан айын­да пайдалануға берілген бола­тын. Содан бері аталған орталық «KazSat» сериялы телекоммуникациялық спутниктердің берілген тех­никалық және баллистикалық сипаттамаларын басқару, бақылау және қолдау мін­деттерін мүлтіксіз атқарып келеді. «Ақкөл» ҒБО Ха­лық­­аралық электр байла­нысы одағының (ITU) спут­ник­тік радиобақылау стан­саларының бірыңғай тізіліміне ен­гізілгендігін де атай кеткен орынды. Оның үстіне «Ақкөл» ЖБК-ні техникалық қайта жа­рақтандыру бойынша 2008-2009 жылдары «KazSat-2» ҒА бағдарламасы және 2012-2013 жылдар кезеңінде «KazSat-3» ҒА жобасы шеңберінде іс-шаралар жүргізілді. 

Басқару орталығы жұ­мысын айтқанда ең бірінші қаперге «KazSat-2» және «KazSat-3» байланыс және хабар тарату спутниктері оралады. Өйткені мұндағы атқарылып жатқан жұмыстар жердің осы жасанды серік­терімен тікелей байланыс­ты. Мысалы, «KazSat-2» спутнигі «Байқоңыр» ғарыш айлағынан 2011 жылғы 16 шілдеде ұшырылса, қазір ол 86,5ºш.б. орбиталық по­зи­циясында мақ­саттық ба­ғыты бойынша пайдаланылуда. Спутниктің пайдалы жүк­темесін Thales Alenia Space компаниясының ита­лиялық бөлімшесі жасаса, оның транспондерлік сыйым­дылығы 864 МГц (жиі­лік­тердің Ku-диапа­зо­нында) құ­райды. Орайы келгенде «KazSat-2» елімізден өзге Орталық Азия аумағын (Қыр­ғызстан, Өзбекстан, Тәжік­стан, Түрікменстан) және Ре­сейдің орталық бөлі­гін қам­титындығын да қаперге сала кеткен жөн. Осылайша «KazSat-2» ғарыш аппараты базасында ұлттық байланыс және хабар тарату операторларына қызмет көрсетіліп, шетелдік спутниктер қызметі им­портын азайтуға қол жет­кізіліп отыр. 

Ал 2014 жылғы 28 сәуірде «Байқоңыр» ғарыш айлағынан ұшырылған «KazSat-3» байланыс және хабар тарату спут­нигі  ұлттық ғарыштық жүйе­ні барынша дамытуға ба­ғытталған-ды. Тарқатып айт­қанда, қазақстандық спут­никтік байланыс және хабар тарату операторларының спутниктік сыйымдылыққа деген қажеттіліктерін қана­ғаттандыруға арналған. Шет­елдік спутниктік импорт қызметін шектеу арқы­лы мем­лекеттік бюджетке кі­рісті арттыру. Қазіргі таңда ға­рыш аппаратының жер­ден алыс­тығы 39000 км құра­са, орбитадағы қозғалыс жыл­дамдығы 3 км/с, ал ұстау боксы 0,05º құрайды екен. 

Қорыта айтқанда, Ақкөл қаласында орналасқан KazSat байланыс және хабар тарату ғарыш аппараттарын басқару жерүсті кешені біртіндеп дамытылуда. Мұнда жұмыс істейтін қызметкерлердің жартысынан астамы инженерлер болса, олардың қатарында «Болашақ» бағдарламасының 4 түлегі еңбек етіп келеді. Турдың мақ­саты осы іске да­рынды жас инженерлерді тартып, еліміздің ғарыштық бағдарламасының дамуына үлес қосу. 

Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»

Ақмола облысы